ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ҰСЫНЫМДАРЫ
2018 жылғы «27» шілдеде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі отырысының кезекті отырысы өтіп, 8 сұрақ қаралды.
Бірінші болып Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Айдос Мухамедьяров кеңес мүшелерінің назарына Қаратал ауданының лауазымды тұлғаларына қатысты тексеріс қорытындысын ұсынды.
Қаратал ауданының жер комиссиясы ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру кезінде конкурсты заңбұзушылықтармен жүргізген, сонымен қатар уаданның сәулет және қалақұрылыс бөлімі жеке тұлғаларға өзіндік қосалқы құрылыс жүргізуге жер телімін берерде Бас жоспар мен орналасу сызбасын сақтамай Жер кодексінің бұзылуына әкелген әрекет жасаған.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері ұзақ талқылаудан кейін Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Ж.Ш. Тасыбаевтан бастап, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Б. Байбулатовқа, Жер қатынастары бөлімінің басшысы К.А. Байгабуловқа, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Г.О. Увалиевке, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы М.Қанатбайға, аудан әкімі аппаратының заңгері – бас маман Ж.К. Ұзаковаға қатысты тәртіптік істерді қараудың қорытындысы бойынша жоғарыда аталған тұлғаларға мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағандары үшін «атқарып отырған лауазымдарына толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту» туралы тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Келесі сұрақ бойынша Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Еркінбек Абиров баяндама жасады.
«Дипломмен ауылға!» жобасының орындалу барысын талдау жүргізу кезінде ауданның экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне 189 жас маман бюджеттік несиелеуге үміткер ретінде құжаттарын тапсырған, оның 82-сінің өтініші қанағаттандырылған. Ал қалған 107 жас маманның құжаттары қараусыз қалған. Осылайша, ауылды көркейтуге, ауылда жұмыс жасауға ниетті жас мамандардың жолы кесілген.
Өз кезегінде осындай әрекеті үшін Кеген ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.С. Кенжебаевқа қатысты «атқарып отырған лауазымдарына толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту» туралы тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Күн тәртібінің келесі сұрақтары профилактикалық бағытта жүрді. Атап өтсек, Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Б. Тәкенов облыстық құрылыс басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындылары, Ақсу және Райымбек аудандары әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызмет нәтижелері тыңдалды.
Сонымен бірге, 2018 жылдың І жартыжылдығы бойынша мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің нәтижесі, Іле ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметіндегі жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижесі мен Көксу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша жүргізілген ішінара тексерудің қорытындысын және анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралары туралы тыңдалды.
Әр аталған сұрақ бойынша тиісті ұысынымдар берілді.
Комментарии