ҚЫТАЙЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖИҺАЗ ДҮКЕНДЕРІМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ НИЕТТІ
BigNews.kz | ҚХР делегациясы жиһаз және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесті
Жексенбі күні Алматы облысының орталығына ҚХР Шандунь провинциясындағы Цзыбо қаласының бизнес-делегациясы жұмыс сапарымен келді. Өңір кәсіпкерлерімен серіктестікті орнату мақсатында келген топ қатарында жиһаз, азық-түлік, ауыл-шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпорындардың басшылары және халықаралық саудаға қолдау көрсету комитетінің, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі басқарманың өкілдері бар.
Талдықорған қаласында делегация «FC furniture centre» жиһаз орталығының басшылығымен кездесті. Қытайлық кәсіпкерлер сауда үйінің жұмысымен танысып, ҚХР өнімдерін жеткізу бойынша сұрақтарды талқылады. «FC furniture centre» жиһаз орталығы нарықта алты жыл жұмыс істеп келеді және қазақстандық, ресейлік, қырғыз жиһаздарын сатумен айналысады.
Бұдан кейін кәсіпкерлер 2016 жылдың соңында ашылған «Оптмаркет» көтерме сауда орталығын аралады. Орталықта сауда павильоны, тарату мен бөліп тарату залдары, сақтау камералары мен қоймалар бар. Қытайлық кәсіпкерлерді көтерме сауда орталығының шетелдік компаниялар үшін ұсынатын шарттар мен даму мүмкіндіктері қызықтырды.
Тараптар арасындағы нақты ұсыныстар мен екіжақты әріптестік мәселелері Кәсіпкер палатасының алаңында талқыланды. Шараға жиһаз шығару мен сату, ауыл шаруашылығы салаларындағы компания басшылары мен мамандары қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиында Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов өңірлік палатаның негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырып, сыртқы экономикалық қызмет туралы айтып өтті.
«Осы жылдан бастап «Атамекен» ҚР ҰКП экспортты қаржылай емес қолдау операторы атанды. Оның аясында отандық өңделген тауарларды шығаратын индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындарын өтеу қарастырылған. Сонымен бірге кәсіпкерлер үшін диалог алаңын ұсынып, В2В ұйымдастыруға жан-жақты қолдау білдірудеміз. Мысалы, жақында облысымызға Швейцария конфедерациясынан делегация келіп, кездесулер нәтижесі бойынша алдағы серіктестік мүмкіндіктері анықталды», – деп атап өтті Әсет Шаяхметов.
Кездесу барысында «Шандунь Цзун Хай», «Шандунь Фу Ван», «Шандунь Лань Тянь», «Шандунь Relish» компанияларының, «Шандун Сыюань» мамандандырылған көкөніс кооперативінің басшылары жобалар таныстырылымын өткізіп, облыс кәсіпкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Цзыбо қаласының халықаралық саудаға қолдау көрсету комитеті төрағасының орынбасары Сунь Цзяньбоның айтуынша, өңір негізінен фарфор өндірумен айналысады. Сонымен бірге маманданған негізгі салалардың қатарында мұнай-химия, тоқыма өндірісі, дәрі, құрылыс материалдарын шығару бар.
«Біз шетелдік мемлекеттермен жиһаз өндірісі, көкөніс, жеміс-жидектерді өсіру мен өңдеу бағытында әріптестік тәжірибеміз бар. Қазіргі таңда Алматы облысы мен Алматы қаласының нарығын зерттеп, өзара мүмкіндіктерімізді анықтағымыз келеді. Жалпы сапа мен баға тұрғысында біздің өндірушілер басқалардан кем түспейді», – деді Сунь Цзяньбо.
Кездесу аяқталған соң қатысушылар жобалар мен өнімдерді өткізу бойынша екіжақты консультациялар өткізді.
Комментарии