Тиімді мемлекеттік басқару – үлкен мақсаттарға жол
Қазақстан тәуелсіздіктің бірінші күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы мемлекеттік қызметтіңжаңа тиімді институттары мен тетіктерін құру бағытын мақсатты және кезең-кезеңмен іске асыруда.
2018 жыл маңызды оқиғамен ерекшеленеді, себебі жиырма жыл бұрын – 1998 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі құрылды. Мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты жүзеге асыратын және тікелей Республика Президентіне бағынатын уәкілетті органның құрылуы еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудың жаңа кезеңіне бастау берді. Сол кезде мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар мәселелер айқындалып, мемлекеттік қызметті реформалауды құқықтық жағынан қамтамасыз ететін мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданды.
Аталған заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің құрамы саяси және әкімшілік болып жіктелді, саяси қызметшілерге саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауапты болатын мемлекеттiк қызметшiлер жатқызылды. Осы заңмен мемлекеттік қызметке конкурс негізінде орналасу алғаш рет енгізілді,лауазымға үміткер тұлғалар тестілеу мен әңгімелесуден өтуге тиісті болатын.
2000 жылы облысымызда Құлмағамбетов Марат Қадырқұлұлы басқарған ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Ақмола облысы бойынша басқармасы құрылды. Марат Қадырқұлұлымен қатар аймақтағы мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру бастауында Козинская Валентина Францевна, Ильяшенко Галина Петровна, Рахымбергенов Мұрат Мағауұлы, Оспанов Тимур Төлегенұлы, Ысмайылов Тимур Төлебайұлы, Бекқожина Рысты Набиқызы, Оспанова Жәмила Атымтайқызы сияқты тұлғалар тұрған еді.
Құрылған күннен бастап басқарма мемлекеттік органдардың кадр сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен біліктілігін арттыру бағыты бойынша жұмыс атқарды.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Осыған орай, қызметтік этиканы бұзу деректерін төмендету және мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі бекітілген болатын. Нормалар мен ережелердің жаңа жинағы бұрынғыдан мемлекеттік қызметшілер жүріс-тұрысының егжей-тегжейлі нормаларын құрағандығымен ерекшеленді.
2005 жылдың 14 сәуірінде Президенттің Жарлығымен облыстар мен Астана, Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Тәртіптік кеңестері құрылды. Кеңес жұмысының айқындығын қамтамасыз ету мақсатында оның қызметіне жергілікті қоғамдастық пен БАҚ өкілдері енгізілді. Тәртіптік кеңестердің максималды айқындылық қағидатына негізделген қызметі тиімділіктің жоғары деңгейін көрсетті, мемлекеттік және еңбек тәртібін нығайту мәселелері бақылауға алынды. Ақмола облысы басқармасының жанындағы Тәртіптік кеңестің бірінші төрағасы Рамазанов Нұрлан Амануллаұлы болатын.
2013 жылдың наурыз айында мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру мақсатында әкімшілік мемлекеттік қызметтің құрылымында саяси мемлекеттік қызметшілер айқындаған саясатты жүзеге асыруды, стратегиялық шешімдерді қабылдау және оларды орындау арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін басқарушылық деңгейдегі «А» корпусы құрылды.
Стратегиялық мақсаттарға жету және еліміз әлемнің дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылуы мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды, бұл мемлекеттік қызметті реформалаудың үшінші кезеңін айқындады. Ұлт жоспарының бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік қызмет моделін құруға және оның кадр әлеуетін нығайтуға болып табылады. Реформалау аясында 2015 жылы қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңа маңсаптық моделіне бастау берді. Кадрларды іріктеудің үш сатылы жүйесін енгізу арқылы мемлекеттік қызметке орналасу процедурасы жаңартылды, конкурс барысында үміткердің білімімен қоса,жеке құзыреттеріне ерекше назар салынды. Бұл жүйеде тәжірибесі жоқ үміткерлер жалпы конкурс арқылы төменгі лауазымдарға іріктеліп, кейінгі маңсаптық ілгерілеу жұмыс барысында жинақталған тәжірибесі мен жеке құзыреттерге байланысты ішкі конкурс арқылы іске асырылады.
Бүгінгі күні облыстың 19 қаласы мен ауданында штат саны 5913 бірлікті құрайтын 707 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметте ғылым кадидаттары, «Болашақ» бағдарламасының және мемлекеттік басқару академиясының түлектері жұмыс істеуде.
Кез-келген уақытта әр елдің негізгі қозғаушы күші жас ұрпақ екендігі ескеріледі. Сондықтан Департаменттің тарапынан жастарға айрықша көңіл бөлінеді, жыл сайын тұрақты негізде студенттермен кездесулер өткізіліп, жұмыссыз жастарға, ЖОО және колледж түлектеріне арналған бос лауазымдар жәрмеңкелері өткізіледі. Жастардың арасында өткізілетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының жағымды жақтары бар. Мәселен, бүгінгі күні облыстағы мемлекеттік қызметшілердің төрттен бір бөлігін 29 жасқа дейінгі жастар құрайды.
Ішкі конкурстар институтының енгізілуі мемлекеттік қызметшілердің маңсаптық ілгерілуіне, кадрларды іріктеу сапасына жәнемемлекеттік қызметшілердің маңсаптық үміттерін қанағаттандыруға оң әсерін тигізуде. Биылғы жылдың басынан бастап облыста өткізілген ішкі конкурстар қорытындысы бойынша тағайындалған қызметшілердің 70% астамы жоғары лауазымдарға тағайындалды.
Әр елдің тұрақты дамуының маңызды шарты жемқорлыққа жол беретін алғышарттарды барынша жою, жемқорлыққа қарсы тиімді әрекеттер жасау екені анық.Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының тоғызыншы бағыты жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне арналады. Бұл бағытта жемқорлықпен превентивтік күресті жалғастыру қажеттілігіне назар салынады. Департамент қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі жемқорлықтың деңгейін азайтып, оның пайда болу себептері мен жағдайларын жою бойынша превентивтік сипаттағы кешенді шаралар қолдану және қоғамның әрбір мүшесінің жемқорлыққа қарсы азаматтық санасын қалыптастыру болып табылатын жемқорлықтың алдын-алу жұмысына арналады.
Жемқорлықтың алдын-алу, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында және жемқорлықты қабылдамауға тәрбиелеу басым бағыт болғандықтан, бұл жұмыста жастарға көп көңіл аударылады. Қазіргі кезде облыстағы мектептер жанында 30 мыңнан астам оқушыны қамтыған «Адал ұрпақ» клубтары, «Парасат» бұрыштары құрылып, өз жұмысын атқаруда. Құқық бұзушылықтардың барлық формаларына «нөлдік шыдамдылықты» және оқушылар мен ата-аналардың құқықтық білімдерін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі.
Облыстың барлық аудандарында жыл сайын жемқорлыққа қарсы«Адал жол» марафоны өткізіледі. Бүгін Департаменттің осы бастамасы республикамыздың барлық аймақтарында қолдау тапты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегияны жүзеге асыру мақсатында облыстық жемқорлыққа қарсы мобильдік тобы қызмет етеді. Оның негізгі міндеті халықпен кездесу өткізу арқылы қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Облыстың барлық аудандарында ұқсас мобильдік топтар құрылып өз қызметін атқаруда.
Жемқорлыққа қарсы тұрудың кілті халыққа сапалы қызмет көрсету. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және сыртқы бақылау жүйесі құрылды, оларды ұсынуды автоматтандыру процесі жалғастырылуда. Жыл сайын қызмет алушымен тікелей байланыссыз көрсетілетін қызметтердің саны артуда. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 80% электрондық форматта көрсетілді, бұл облысымыздың тұрғындарына осындай нысандағы қызметтердің басымдылығын көрсетеді. Жалпы департаменттің басым міндеттерінің біріне азаматтарды мемлекеттік қызмет алу тәртібімен таныстыру, мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарлануы, қызмет алушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жатады.
Ірі қылмыстарға жол азаматтың, заңды тұлғалардың қарапайым құқықтарын бұзудан басталады, сондықтан қызметтік этиканы сақтауға бақылау жүргізу жүйесі маңызды алдын-алу рөлін атқарады. Осы орайда департаментпен мемлекеттік және еңбек қызметін нығайту бойынша тұрақты жұмыс атқарылуда. Агенттік пен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерге арналған қалталық әдеп кодексі «Pocketbook» әзірленді, ол мемлекеттік қызметшілердің әдеп сипатындағы мәселелер туындаған кезде басшылыққа алынатын әдістеме міндетін атқаруда.
Кәсіптік және маңсаптық ілгерілеуге жағдай жасау реформалау мақсаттарына жету механизміндегі негізгі бөлшектердің бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің кепілдіктерін заңмен бекіту және мүдделерін қорғау, үздіксіз оқыту және қолайлы жұмыс ортасын қалыптастырудың тиімді жүйесін құру, көшбасшылықты қолдау және басқа шаралар халыққа қызмет етуді таңдап алғандарды ынталандыру стратегиясының негізін қалады.
Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуындағы мемлекеттік басқарудың маңыздылығын ескере отыра, 2013 жылдың 23шілдесі Мемлекеттік қызметші күні болып белгіленді. Бүгінгі күнгі мемлекеттік қызмет – «халыққа (қоғамға) қызмет түсінігінің синонимы болып табылады.
Агенттіктің негізгі ролі тиімді кадр саясатын жүргізу болып табылады. Әрине, осы жұмыста ең алдымен адами фактордың маңыздылығы танылады. Бүгінгі күні заң негізінде мемлекеттік қызметшілердің жан-жақты дамуы мен әділ маңсаптық жоғарылауы, тиімді жұмыс жасауы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалынуда. Бүгін біз ұлттық сананы жаңғырту жұмысын бастадық. Ұрпақтар аманат еткен жерімізді, табиғи ресурстарымызды, мәдениетіміз бен тарихымызды сақтап, өткен өмірден сабақ алып, жақсы әдеттерді дамытып, ескі қажетсізден арылу, елімізді дамытуға үлес қосу әрқайсымыздыңміндетіміз.
Қазіргі таңда Агенттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын іске асыруды бастап отыр. Кіші бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық мәдениетін дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс моделін өзгерту болып табылады. Бұл дегеніміз мемлекеттік аппараттың жаңа форматқа бет алуы, әлемдегі тың өзгерістерге жауап бере алуы, әрбір қызметші санасының өзгеруі, әлеуетінің артуы.
Мемлекеттік қызметті модернизациялау Қазақстандағы модернизациялау процесінің айнымайтын бөлігі болып табылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында тиімді мемлекеттік басқаруға зор мән береді. Әрине, білімді, құзыретті, бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызметшілердің үйлесімді жұмысы елімізді үлкен жетістіктерге жетелейтіні айқын.
Б. Беспалинов., Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша Департаментінің басшысы
Комментарии